Жұмысшы мамандықтар арасында елімізде бүгін оныншы WorldSkills Kazakhstan-2025 республикалық кәсіби шеберлік чемпионатының ашылу салтанаты өтті.
3-9 желтоқсан аралығында өтетін республикалық кәсіби құзыреттер чемпионатында өңірлерден келген 825 қатысушы және 719 сарапшы бақ сынауда.
Чемпионат техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту, жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру және кадр даярлау сапасын жетілдіру мақсатында дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Чемпионаттың ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін арттыру, техникалық және кәсіптік білім саласын трансформациялау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
Бұл шараға колледжіміздің директоры Темирбулатова Алма Асхатовна, оқу ісі жөніндегі орынбасары Муфталова Аққу Құсайынқызы, оқу-өндірістік ісі жөніндегі орынбасары Махаметчин Ернар Дулатұлы және ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары Қозыбағаров Амангелді Ибадуллаұлы қатысып, Қарағанды облысы қатысушыларының жанкүйерлері ретінде қолдау білдірді.
Айта кету керек, биылғы чемпионаттың ауқымы кеңейіп, құзыреттіліктер саны 30-дан 45-ке дейін арттырылды. Кәсіби құзыреттіліктер қатарына өндіріс, инженерия, ақпараттық технология, креативті индустрия сияқты экономиканың негізгі бағыттары енгізілді.
Чемпионат жеңімпаздары 2026 жылы Қытайда өтетін халықаралық WorldSkills чемпионатына жолдама алады.
