Новости

     26 наурыз күні Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғ.Б. Бейсенбаев еліміздегі 100 жылдан астам тарихы бар мектептер мен колледждермен кездесті. Кездесудің басты мақсаты, еліміздің білім беру саласының қалыптасуы мен даму тарихына үңіліп, осы күнге дейін тарихи сабақтастықты ұстанып келе жатқан байырғы оқу орындарының тарихы мен бүгінгі жетістіктерін дәріптеу болды. Қатысқан 109 оқу орындарының ішінде Қарағанды облысының атынан Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжіне сөз берілді. Колледж директоры Темирбулатова Алма Асхатовна колледждің қалыптасу тарихына, колледждің әр жылдардағы атақты түлектеріне тоқталып, бүгінгі жетестіктерімен таныстырды. Кездесу соңында Ғани Бектайұлы тарихы терең оқу орындарының еліміздегі білім беру саласындағы маңыздылығын баса айтып өтті. «Қазақ даласында ағартушылықтың қалыптасуы мен дамуы ондаған ғасырлардан бастау алады. Өңірлердің қолдауының арқасында ғасырдан астам тарихы бар мектептер жабылмай, білім шырағын сөндірмей, сабақтастықты сақтап келеді. Біз ғасырлық тарихы бар білім ошақтарының арнайы каталогын жасауды қолға алуымыз керек. Бұл — еліміздің білім тарихының тереңдігін дәлелдейтін маңызды құжат болмақ. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұл мектептер де қажеттілігіне қарай толықтай реновациядан өтіп, материалдық-техникалық тұрғыда жаңартылуы тиіс. Сондай-ақ мұнда еңбек етіп жүрген педагогтердің әлеуеті де жіті зерделеніп, оларға жүйелі қолдау көрсетілуі қажет», — деді Ғани Бейсембаев. Министр жүз жылдан астам уақыт ұрпақ тәрбиелеп келе жатқан мектептердің тәжірибесін зерттеп, үздіктерін ел көлемінде тарату қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар ол ғасырлық мектептерді білім беру ісінің құндылығы ретінде сақтап қалу және дамыту мақсатында 100 жылдық мектептер қауымдастығын құруды, оларды қолдау мен дамытудың стратегиясын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар бұл оқу орнында қалыптасқан педагогикалық тәжірибені таратудың қажеттілігіне тоқталды.