"Ұлыстың ұлы күні" аталатын бұл мерекенің тарихы тереңде жатыр. Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан бері орын алған.
Наурыз (парсыша «нау» - жаңа, және «руз» - күн ) - жаңа жылдың бірінші күні, көктемнің басы, жаңару күні. Қазақтар бұл мейрамды Әз-Наурыз мейрамы деп те атайды. Халықтың ежелгі наным-сенімінде наурыздың алғашқы үш күнінде жер-көкті жарып ерекше дыбыс (гуіл) естіледі. Мұны тек қана жұмақтан шыққан қой, сол арқылы оны бағып жүрген қойшы ғана естиді. Бұл күні бүкіл табиғатқа, тіршілік иесіне, өсімдік, жан-жануарға ерекше сезім, қуат, қасиет нұры құйылады.
Наурыз – еліміз үшін жыл басында тойланатын думанды халықтық мейрам. Сонымен қатар, атап өтетін жағдай, бұл мерекенің негізгі мағынасы мен маңызы көптеген халықтар үшін ортақ болып табылады: бұл жаңалықтың, жаңа бастау мен жаңарудың күні.
Қазақстанда бұл мейрамға ерекше көңіл бөлінген, себебі ол елімізде өмір сүріп жатқан сан халыққа ортақ мереке. Наурыз мемлекет қолдауымен тойланады, демалыс жарияланап, барлық қалалар мен елдімекендер үлкен дүбірлі той орталығына айналады.
Колледжіміз де осы ұлы мерекені оқытушылар мен студенттер біріге тойлап, бірін-бірі көктемнің шуақты мерекесімен шын жүрекпен құттықтауда.