Новости

   12 сәуір күні Саран қаласында «Көңілашар» қазақ халық аспаптары фольклорлық ансамблінің жетекшісі, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің және қалалық балалар өнер мектебінің оқытушысы Қабиден Хамитұлы Абжатовтың 60 жылдық мерейтойына орай «Өнерім – Өмірім» атты шығармашылық кеші өтті.
    Қалалық мәдениет үйінің киелі сахнасында қалалық білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаев ұлттық аспапта шебер ойнайтын домбырашыны, ұлағатты ұстазды мерейлі жасымен құттықтап, қала әкімі Дарын Бұлқайырдың атынан Алғыс хат табыстады. Сондай-ақ, білім беру саласына қосқан зор үлесін атап өтіп, білім бөлімінің атынан иығына шапан жапты. Қалалық мәслихаттың төрағасы Өміржан Баймағанбетов пен барлық депутаттар атынан қалалық мәслихаттың депутаты Жанбол Жаяубаев сөз сөйлеп, шығармашылық табыс пен мықты денсаулық тіледі. Келесі болып сахнаға шыққан Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің директоры Алма Темірболатова білікті оқытушыға тілек тілей келе, Қабиден Абжатов алдағы күндері мемлекеттік награда - «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталатынын айтып, мерейлі сәтті одан сайын асқақтата түсті.

    Сонымен қатар, балалар өнер мектебінің кәсіподақ комитетінің төрағасы Виктория Аханова мерейтой иесін «Сала қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін» белгісімен марапаттады.

    «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, бұл кеште Қабиден Абжатовтың сыйлы қонақтары, жылдар бойы жанынан табылған жақын жандары, алыс-жақыннан келген туған-туыстары мен достары, қызметтес және рухтас әріптестері, дарынды шәкірттері жылы лебіздерін арнады. Ән шашудан бастап, құлақтың құрышын қандыратын күмбірлеген домбырадан күй де төгілді.