Новости

    Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі тұрақты даму қарқынын көрсетуде. Бұл туралы ҚР Үкіметінің отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев толығырақ айтты.
    2024-2025 оқу жылының қорытындысы бойынша еліміздің колледждерін 173 мың студент бітіреді. Оның ішінде 123 мың түлек жұмысшы мамандықтар бойынша біліктілік алып шығады, 27 мыңы дуальді оқыту шеңберінде, тағы 10 мыңы кәсіпорындардың мақсатты тапсырысы бойынша білім алғандар.
    Тиімділіктің негізгі көрсеткіштерінің бірі - түлектердің жұмысқа орналасу динамикасының артуы. 2024 жылы колледж түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші 81%-ға жетті.
    «Бизнеспен серіктестік нығайып келеді. Шефтік көмек көрсететін кәсіпорындардың саны жеті есе артты. Бүгінде 4 мыңнан астам кәсіпорын 662 колледжге шефтік көмек көрсетуді бастады. Жұмыс берушілердің өкілдері 8 мыңнан астам білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысты», - деп атап өтті министр.

    Біздің колледж - Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі де өндірістік серіктестіктермен қарым-қатынасын дамытып келеді. Саран қаласының өндіріс орындарымен тығыз қарым-қатынас орната отырып, білім беру бағдарламаларын бірлесе әзірлеп келеді. Үстіміздегі оқу жылында, сәуір айында біздің оқу орны шефтік көмек көрсету аясында, Саран қаласының белді өндіріс орнының бірі - «КарЗТФ» ЖШС-мен келісімшартқа отырды. Екі жақты келіссөз барысында дуалді оқыту, кәсіпорынның мақсатты тапсырысы бойынша білім алушыларды қабылдау және оқыту, білім беру бағдарламаларын бірлесе әзірлеу және т.б. мәселелер талқыланды.

    «КарЗТФ» ЖШС – полимер материалдар өңдеу саласындағы Қазақстанның жетекші кәсіпорындарының бірі. Компания құрылыс, өнеркәсіп, ТКШ және басқа да салаларда қолданылатын пластмасса тақталар, табақтар, құбырлар мен профильдер өндірісіне маманданған. Өнімнің жоғары сапасының, заманауи жабдықтың және кәсіби тәсілдің арқасында «КарЗТФ» нарықта орнықты орын алады және шетелдік өндірушілермен табысты бәсекелеседі.